АНА МЕН БАЛА

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА,

ОҚО, Түркістан қаласы.

Шаңырақтың шаттығы мен берекесін еселеген ардақты аналардың қоғамдағы орны қашан да ерек. Азат елдің айбынды ұрпағын тәрбиелеуде еткен еңбектерін ештеңемен теңгере алмасымыз анық. Сондықтан бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ақ жаулықты абзал аналарымыздың алдында әрбіріміз мәңгі қарыздармыз. Осы орайда, асыл аналарымызды ардақтау мақсатында Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9мектеп –гимназияның бастауыш сыныптар бойынша мектеп директорының орынбасары Гүлжахан Оразбекқызы Божбанбаеваның ұйытқы болуымен шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында “Кәнеки, аналар!” тақырыбында байқау өткізілді.

Ахмет Байтұрсынұлы: “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді” деп,- тегін айтпаса керек-ті. Мектепте аянбай еңбек етіп жүрген 4-сынып жетекшілері: Қарагөз Ережепова (4“А”), Гульназ Батырова(4“Г”), Нұржамал Калтаева (4“Д”), Рано Мухашева(4“Е”), Нилюфар Кулметова (4“Ж”), Зубайра Ертаева (4“З”), Мариям Валиевалар (4“И”), алдын-ала байқауға қатысатын аналарды шеберлікпен ұйымдастыра білді. Байқауды бастауыш сынып мұғалімі Мариям Валиева жүргізіп отырды. “Кәнеки, аналар!” байқауына Зульфия Бельдикова, Динара Ибрагимова, Валентина Герасимова, Гульбахар Сайдуллаева, Наталья Атаева, Шахноза Маймакова, Гүлзада Айтбаева сынды аналар қатыстырылды. Сегіз кезең бойынша белсенділік танытқан аналар өз өнерлерін ортаға салды.“Жұмақ – ананың табанының астында” дегендей, барлық аналар бойындағы балаларға деген қамқорлықты, мейірімділікті, шексіз махабатты сахнада өз әрекеттерімен дәлелдеп айқын көрсете білді. Қолдарынан бал тамған аналар үйде дайындап келген ас- мәзірлерін де талғаммен ұсына білді. Әр кезеңде аналар талапқа сай мәдениетті киім үлгілерімен, тапқырлықтарымен, шешендіктерімен айшықтала көрінді.

Бала тәрбиесі М.Жұмабаевтың айтуынша, сонша жеңіл нәрсе емес, бала тәрбиесі ауыр өнер, жеке бір ғылыми иесі болуды тілейтін өнер. Балаға дұрыс тәрбиені әрбір мұғалім, ата-ана тәрбие жолын ешкімнен үйренбей-ақ, еш тәрбиені оқып білмей-ақ өз бетімен бере алмайтынын М.Жұмабаев дәлелдеген. Осы тұста аналар өз балаларының нені ұнататындарын, мақсаттарын, өздерінің отбасы туралы мәліметті таратып айтты. Байқауда Жалпы бала тәрбиесіне тек отбасы ғана емес, сонымен бірге өскен ортасының, мектептің де бірдей жауапты екені, олардың бірлесіп қызмет атқаруға тиіс екені де айтылды. Сондай-ақ, әртістік қабілеттерін көрсететін кезеңде сахнаға аналар балаларын жетектеп шығып, өнерлерін балаларымен бірге ортаға салды. Баламен санасып, ақылдасып балаларын сыйлай білетін пайымды аналардың бірі ән, бірі би, бірі қойылым көрсетті. Өрелі аналарымыздың өз ара тартысты өткен байқауы мәре сызығына жетті.

Әділ қазылар алқасындағы Г.М.Наурызбаева, С.С.Есенқұлов, И.Н.Кебиров, Р.С.Серікбаева, Н.С.Мамешова, М.Т.Эрметова, Н.М.Утебаева сынды мұғалімдер үшін байқауды сараптау қиынға соқты. Өйткені, бәрі де жеңімпаз деген атқа лайықты еді. Әділ қазылар мүшесі Н.М.Утебаева сөз кезегін алып, кезеңдер бойынша әрбір ананың жетістігіне тоқталып, әрқайсысын құрметтеп сипаттама беріп, әділқазылар алқасының шешімін жариялады. Бастауыш сыныптар бойынша мектеп директорының орынбасары Гүлжахан Оразбекқызы Божбанбаева алдымен байқауды ұйымдастырушы мұғалімдерге ризашылығын білдіріп, содан кейін байқауға қатысушы аналарды көктем мерекесімен арнайы құттықтап, ізгі ниетін білдіріп, оларды марапаттады. Байқау барысында шуақ шашқан, өз өнерімен көрерменді таң қалдырған 4 “A” сынып оқушысы Абылайханның анасы – Гүлзада Ескендірқызы Айтбаева оза шауып “Ең үздік ана” атағын қанжығасына байлады. “Әр гүлдің өз түбірі бар жайнайтұғын, Әр құстың өз үні бар сайрайтұғын” дегендей, Валентина Герасимова, Зульфия Бельдикова, Наталья Атаева, Динара Ибрагимова, Гульбахар Сайдуллаева, Шахноза Маймакова сынды аналар әр түрлі номинация атауларын иемденді. Жеңімпаздарға арнайы тағайындалған номинациялар мен сыйлықтар салтанатты түрде тапсырылды.

Ана мен бала арасындағы көзге көрінбейтін тылсым күштің, ыстық ықыластың, мейірбандықтың, адамгершіліктің белгісі осы байқауда көрініс тапты. Даналыққа жол бастаған асыл аналарға зор денсаулық, отбасыларына амандық пен шаттық тілейміз.

Реклама

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.