Оқушылар шығармашылығы

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы

Тана мырза орта мектебі

Жетекшісі: қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Енсебаева Жұлдыз Шакорқызы

Бізді күтер бір бақыт…

Қариялар «бақытты бол»-деп ақ батасын береді, Алладан алдағы күнге тілеу тілейді. Өмір есігін жаңа ғана ашқан жас сәбиге есім қоюға әулет болып кіріседі. Менің атым — Бақытжан,«бақытты жан». Нағашы әжемнің бақытты болсын деген тілеуінен туған есім. Осы есімге лайық өмірден бақытымды күтіп жүрмін.

«Бақыт» сөзі қалай түсіндіріледі? Әр адамның бақытқа берер анықтамасы бар болары анық. Көп адамдар үшін бақыт деген ұғымға үйлесімділік(гармония)отбасы,махаббатты қатар қояды.Бақыттың мәні-парасаттылықта,әр адамның өз алдындағы мақсатының орындалуында. Қыран құс көк аспанда қалықтап ұшуға, адам бақытты болуға жаралған.Ақын апам,халқымыздың ақыны-Фариза Оңғарсынова «Қанат туралы» хикаясында :

Екі қанат менде де

Оң қанатым-әкем де,

Сол қанатым-анашым.

Бірі түссе қатерге,

Мәңгі ұша алмай қаласың.

Қос қанатың болғанда

Табар өмір жарасым,

Біреуінсіз ор-жарда

Бір мүгедек боласың

Қарап тұрып шекені

Шымшылады сан күдік

Қанатымның екеуі

Сау болса екен мәңгілік.

Өзімнің бақытты балалық шағымды алаңсыз өткізіп келе жатқанмын,асқар тауым-әкем өмірден өтті.Қос қанатым аман болса,менің асыл арманым-сол еді. Бақыт деген-денсаулық.Ата-ана бақытын көре жүрсін әр балалар өмірде,болмасын қайғы еш адамның көңілінде. Әулетімді мақтаныш етемін. «Отбасы-шағын мемлекет»демекші,барлық отбасылардың бақытты өмір сүргенін күтемін.Атам сексен жеті жасында төр бесіктен — жер бесігіне аттанды.Үнемі бізге айтатын өсиеті: «Бақытты болыңдар,еңбек етіңдер,бақыт-еңбекте,қазіргі оқуың-еңбек».Атам-тыл ардагері, өз бақытын еңбектен тапқан асыл жан.Мәңгілік мұра қалдырған поэзия пайғамбары Мұқағали Мақатаев «Ал мен үшін ең бақытты күндерім-балам, саған бақыт іздеп жүргенім»-деп келешек ұрпаққа бақыт іздеді.Ақынның рухы біз үшін әлі бақыт іздеп жүр.Бізді күтер бір бақыт ақынның іздеп тапқан бақытын күтіп алу,қарсы алу. Болашағыма ақын көзімен қарасам,мені де сан бақыт күтеріне үміттенемін.

Бақыт екен – осы бала күндерім

Бақыт туралы Мұқағали ақиық

«Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім

Бақыт деген әркімдерде бір арман»

Бақыт іздеп жүргенін біз оқиық.

Күтеді мені алдымда бір бақыт

Көрсетеді өмірде келер уақыт.

Бақытқа жету үшін алғашқы сәтім үйімнің табалдырығынан аттап шыққаннан бастау алады. Өзімді бақытқа бөлеген Қазақ елін мақтан етемін.Бақытым әлі алдымда,Отаным өркендеп келеді.Бала шақтан- нұрлы болашаққа жылжып барамын.Болашағымнан бақытымды күтіп аламын. Поэзиямен егіз Мұқағалидың «үш бақыты»-Халқы,тілі,Отаны.

Менің де күтер бақытым біреу емес, сан түрлі.Халқым аман,әскері мықты қаһарман жүректі,шыныққан болса білекті, елімнің іргесі де мықты.

Қазір үштілділік шықты,оны да жастар ұқты.Ағылшын тілі жаһандану,орыс тілі ұлтаралық қатынас.Тілді үйренуге шақ та туды қарбалас.Болашақ бағдарламасымен оқып жатқан шәкірттер үшін бұл жаңалық емес. Мектепте оқыған маған күтер бір серпіліс,барлығы үш тілде.Шұбарлық түспесе екен өзіміздің ана тілге,әуестенбесек аралас тілге.Күтетін бақытым-тілім,ол-ұлт бақыты.Ана тілімнің болашағы толғантады.

Отан-менің өмірім.Егемен елім-бақытым менің,арманы еді өмірден аңсап өткен бабалардың,бақыты болды балалардың. Ел бақыты-адамзат бақыты.М.Жұмабаев «Балалық шағың-патшалық тағың» деген.Еліміз бақытты,балалық шағым да бақытты өтіп келеді.Жарқын болашаққа бақыт пен шаттық,үздік біліммен ғана қадам баса аласың.Бақытқа жету үшін талай өмір өткелдері күтіп тұр.Күтеді мені сан түрлі бақыт алдымнан.Атқан таң мен батар күнде сезінемін шаттықты.М.Мақатаевтың «Кел,болашақ» өлеңіне ой жүгіртсем,өмірден және келер күннен өзіме қуат алғандай боламын.

Өмір-мәңгі,уақыт-мүмкін,елес,

Кел,болашақ!Сауық құр,күлкіңе көш!

Бір күн шықса,бір күннің батуы анық,

Екі күннің тұруы мүмкін емес –деген пәлсапалық пайым жасайды.Бір күн шықты,ол-тәуелсіздік.Атқан аппақ нұрлы таңымызға-жиырма бес жыл толды. Біздің болашағымыздан күтетін бақыттың кіндігі-Отаным,тіккен ордамыз. 2018 жыл 10 қаңтар күнгі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жаңа әлемге,яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу керектігін ,алдағы нақты қадамымызды айқындап берді.Рухани Жаңғыру-санамызды жаңғырту деген сөз.Халыққа сенім артты.Елбасы Жолдауы-болашаққа бастар нұрлы жол.Біздің күткен бақытымыздың бастауы.

Тәуелсіз елде тұратын адамдардың бақытты ,шат тұрмыста өмір сүруі өз қолдарында. Бір адамды еңбектегі бақыты асқақтатады,келесісін адал жарынан өмірдегі бақытын табады.Сәби бақытын түсінген әке мен ана балаларын бақыты санайды.Анам менің «бақытым,байлығым –осы балаларым» — деп шаттанады.Бақыт деген ұрпағы, келешекте өмірлерін жалғайтын. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген ән жолдарында ата-ана бақытын сезінген адамдар жайлы толғаныс бар.Спортшылар аты кең әлемге таралып,жеңімпаз атанғанда халқы мен ата-анасын да өзімен бірге бақытқа кенелтеді. Еңбекпен келген бақытты қуанышқа ортақтасып күтіп тұрғандай әсер аламын. Шіркін, мен де осындай атаққа ие болар ма едім,анам мен әкем де бақытты сәтімде қатар жүргенін арман етемін. Жүгіруден спорттық жарыстарға ,әскери бессайыстарға қатынастым.Жүлделі орындарды иеленіп, аудан мен мектептің жоғары нәтиже көрсетуіне өз үлесімді қостым. Келер жылы мені де үлкен арман жетелейді. Мектепті бітіріп,үлкен жолға қанат қағамын.Қалаған мамандығым-өрт сөндіруші. Отаныма адал қызмет етуді өз бақытыма балаймын. Бейбіт өмірде ерлік жасауда алдыма мақсат қоямын.Патриоты бола жүргенде елімнің ер-азамат бақытын сезінермін.Ойлауым керек бақытты жандар жөнінде. Шын бақытқа жетуге қақым бар ғой менің де.Әр адамның өз бақыты –қолында. Күресе білу де керек ұлы мақсат жолында.Иманды,жаны таза адамға бақыттың өзі келіп қонады басына. С.Торайғыров «Мен-қазақ» өлеңінде:

Мен-қазақ,қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі,өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?-деп жырласа,мен де ақын ізімен өрнектейін.

Мен бүгін Отаным деп мақтанамын

Ұранға «Алға» деген сөзді аламын,

Сүйгенім-өрт сөндіру,көңілім таза-ақ

Осы сөзім арманыма жетелейді

Кім болсын тілегіне жетсем дейді.

Бізді күтер алдымыздан бір бақыт…

Өмір деген, көңілдегі әр шаттық

Болашаққа үмітпен қадам бастық.

Алдымыздан күтер бақыт біздерді

Қуантамын,халқым,ата-анам сіздерді.

Шығармамды М.Мақатаевтың жас ұрпақ,біздерге арнаған жыр шумағымен аяқтаймын.

Сен жас буын,жаңа тал,

Гүлің де өсіп,шашырар.

Сарылып оқып,білім ал,

Сөнгенше сәулең асырар.

11-сынып оқушысы Сержан Бақытжан

Мұқағали шығармашылығындағы туған жер тақырыбы

Қазақ даласы қандай кең болса, ақын Мұқағалидың да пейілі сондай. Кең дала,туған жер табиғатын жүрегіне сыйғызып өтті өмірден. Қандай дархандық десеңізші! Мұқағалидың нәзік жаны,жұмсақ алақаны табиғатты аялап өтті.Қазір рухы табиғатпен бірге әлі жүр бүгінде қалқыған сағым болып.Жаны табиғаттың аясында жер бесігіне тербетіліп жатыр.Қазір қыста Мұқағали ақ көрпесін жамылып,тәтті ұйқыда бізді аялап жатқандай. Поэзиямен егіз жүрегі табиғатпен тілдеседі.Шығармашылығының бір бөлігінің жыр маржанын табиғатқа арнайды. Лирикасының негізінде тылсым табиғатқа жан бітіре жырлайды. Сондықтан да ақын Жер Анаға қарызын бұрын өтеген.Барлық басқа да тақырыптағы шығармаларын табиғатпен байланыстыра жырлайды.Адамның өмірі, сезімі, көңіл-күйі табиғатпен байланысты.Ақын табиғатпен адамды қатар алып жырлайды.

Жапырақ – жүрек, жас қайың!

Жанымды айырбастайын,

Сен адам бола бастасаң,

Мен адам бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың? – деп тілдесіп, сырласып алады да:

Өмірге – өмір жалғасып,

Анамыз жерге жармасып,

Бірде адам, бірде қайың боп,

Сүрейік өмір алмасып, — деп адамзаттың мәңгілік ғұмыры табиғатпен тығыз және табиғатсыз өмір сүре де алмайтынын айтқандай болады.Мұқағали табиғатты сүй, аяла деп жалаң насихат айтпайды.Ешкімге табиғат туралы заңды түсіндірмейді.Нәзік жүрегімен сезіндіреді,ойын жеткізеді.Ақын шабытының бір қайнар көзі, әрине, кіндік қаны тамған – Қарасаз. Туған жер оған бірде ескі қыстау, тау бөктерлеген ауыл, көшкен үйдің жұрты, бозқараған болып тіл қатады. Бірде кеудесін сағыныш қысып қыстаудың көкшіл түтінін аңсаса, бірде сол иесіз қыстауга бас иіп тағзым етеді. Көктемнің жаңбыры, тырнаның тыраулаған назды үні, бөктердегі жағалай қонақ киіз үйлер жанын әркез шаттыққа толтырады.

Менің туып өскен жерім – егеменді Қазақстан. Қазақстанның байлығы өте көп және қазынаға бай ел. Біздің еліміздің табиғаты өте сұлу. Биік – биік асқар тау, мөп – мөлдір көлдер, неше түрлі өсімдіктер мен дәрілік қасиеті бар шөптер өседі. Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкені мен әрқашан да мақтан тұтамын. Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. Туған жерді кие тұту-бірінші міндетім. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Халқымыздың басынан қандай қиын кездер өткенде де ата – бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған.О,қасиетті туған жер! Сен ыстықсың біздерге. Мың – мың дастан жатыр дейді халқым басқан іздерде. Тұнып жатқан тарихыңнан терең қазына табармын.

Оян, қазақ! Ояншы, қазақ бауырым,

Өткізіп жатсың баяғы құлдық дәуірің,

Ел байлығын шет елдерге таратып,

Біле алмай жүрсің туған жердің қадірін -деген Міржақып Дулатовтың өлеңінен үзіндіні есіме алдым.Табиғатты сыртқа шашқан қатыгездерге арнаса,Мұқағали барлық адамзатқа даналық ой тастайды.

Айың анау,күнің мынау,жер міне,

Ау!Адамдар!Жетпей жатыр енді не?!

Табиғатқа таласпаңдар ағайын!

Асырайды олсені,мені,елді де –дейді.Табиғат байлығын ысырап жасамауды,қанағат жасауды имандылық жолмен түсіндіреді. Менің ойым-адамның ниеті түзу болмаса табиғат та қаһарланады. Су тасқыны ,әр түрлі апаттар болып жатыр әлемде.Табиғатпен адам арасындағы тепе-теңдік деген бар.

Ақиық ақын «Туған өлке» өлеңінде:

Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.

Шабындықтар,

Егістіктер,

Тоғайлар.

Төбелердің төбесінде – көк айдар.

Ақ сағыммен араласып, аулаққа,

Сағым болып бара жатыр көп ойлар.

Бір тынбайды шегірткенің шырылы,

Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры,

Бәрі таныс – кісінеген құлыны

Ін аузында шаңқылдаған суыры.

Айналайын!

Атамекен, Ак мекен!

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!

Туған өлке тәтті екен ғой,

Тәтті екен!-деп жырлайды. Менің өлкем қысы қатты Шығыс Қазақстан аймағы Тарбағатай тауының ,Барқытбелдің табиғатын халқыма таныстырамын.Ауылым-Тана мырза. Шөбі шүйгін,топырағы құнарлы мекен.Мен де Ақынның жыр жолдарының үлгісінде өзімше жыр жазайын жүрегімнен мына туған өлкеме.

Тана мырза-жанға жайлы мекенім

Сенде туып,сенде өсіп көктедім.

Қарсы алатын масатыдай көктемім

Алтын бесік- алтын ұя мектебім.

ШҚО Тарбағатай ауданы Тана мырза орта мектебінің

7-сынып оқушысы Мадиярова Аружан

Анашым

Анашым,анашым,әлпештеп өсірген баласын.Анашымның бойында мендей баласын жалғап тұратын нәзік жіп сияқты тылсым күш бар екен деп қаласың.Ана сөзін естігенде толқымайтын, тебіренбейтін жан жоқ .Ана жүрегі баласының қиналғанын бірден сезеді. Өсіріп жеткізген аяулы анам-Айнұр Кәдірбекқызы.Анамды нағашы әжем-Кәусар өсірген.Демек,ананың өзін анасы тәрбиейді.Алыптар анадан туады.Жазушы Ғабит Мүсірепов ана жайында «Ананың анасы», «Ақлима» тағы басқа әңгімелер жазған. Ана- туралы ойды айтып жеткізу мүмкін емес. Әркімнің өз анасы бар, және де барлығы өз аналарын жақсы көреді.

Ана – өмірдің гүлі,жайқалған бағы ,шуақ-нұры.Бала да анасын қуантуды өзіне бақыт санайды.Ананың жадыраған жүзін көру біз үшін де бақыт. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап анасының ыстық мейрімін,махаббатын сезіп өседі.Күндей күлімдеп жүретін ғажайып жан-ана.Айта берсек, ана жайлы қозғалмаған әңгіме,айтылмаған ән жоқ шығар.Сазгер ән арнаса,қылқалам шебері суретпен бейнелейді.
«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да,қарызыңнан құтылмайсың»-деген сөз бар.Ананың алдындағы парызыңды алдымен орындауың керек.

Анам мені аялаған қамқоршым
Маржан балаң жырын арнаған

Анам жайлы айтып толғанам

Әжемді де бүгін ойға алам

Өмірдегі тірегім бір өзіңсіз

Жүре алмаспын мен сізсіз

Әке орнына маған әкесіз

Жанға жайлы,жылы сөзіңіз.
«Әке – асқар тау,ана – мөлдір бұлақ»- дегенді халқымыз айтқан.Асқар тауым-әкем жанымда жоқ болса да,анашым ,сіз барсыз қасымда.Ал, «ана – мөлдір бұлақ» -дейді ғой. Бұлағымның мөлдір суы таусылмасын.Жан рақатын көріп ,жұпар иісіңді иіскеп ,құшағыңа енейін. Не дейін,ана деген асыл ,құшағыңа енейін.Білім алып,ғылым қуып келейін.Мойныңа есейсем де жүрейінші асылып. Сабақтан келгенімде асығып,алдымнан шығар қамқор жан -сіз.Ана – бұл өмірде төзімді ,қайсар,құдіретті жан.Ана жүрегінен мейірімді,төзімді нәрсе жоқ.Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап анасының ыстық мейірімін,махаббатын сезіп өседі. Баласын балалар үйіне өткізіп,кейбір ана шырылдатып қоқыс жәшігіне тастап кетіп жатқанды естігенде адам жаны түршігеді. Ол- қандай ана. Өсіре алмайтындай қиыншылыққа кездессе,ақылдасса ,Тұяқ ана сияқты қайырымды жан табылатын болар.Ана өзінің жүрегін жарып шыққан перзентін қалай қияды .Мейірімі ,аналық махаббаты таусылған-ау,сірә. Егер де мына өмірге үнілетін болсақ, онда анасыз жүрген, ананың аяулы алақанын аңсайтын балалардың қаншама көп екенін біз білмейміз. Олар аналарын аңсап, түнде мен сияқты жылы емес, тоңып ұйықтайтын шығар. Суық күнге тоңдырмайды ана,мәңгілік жан бір өзіңсің ана.Бұл өмірде жарасатын саған балаң ғана.Ең бірінші адам-ана, әлемдегі асыл жан.Күндей күлімдеп, жұлдыздай жарқыраған ,шуақ жандарға айтылмаған ән жоқ шығар.Неге екенін білмеймін «ең ыстық жан кім?» десе көзіме ана елестейді.

Ана-нұры елімнің

Ана-гүлі көңілдің

Асылы болып көріндің

Осы мына өмірдің

Шуағы болып төгілдің

Бақыты болшы көгімнің

Асқағы болшы сезімнің

Бастауы болшы сөзімнің

Мысалы болшы төзімнің

Періштеңмін өзіңнің

Баланың анасы бар дегенше,данасы бар десейші,панасы бар. Сол аналарды құрмет тұтып, қастерлеу біздің борышымыз. Ана түн ұйқысын төрт бөліп баласын әлпештеп өсіреді. Халқымыз осылай суреттейді. Мүмкін,төрттен де сәби көбірек оянады. Сөз тіркестері де дыбыстық ерекшелікпен айтылады. Ана басқа балалардан кем болмасын деп баласының алдына барын тосады.Біздер аналарымыздың қадірін білуіміз керек. Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, енді бір қолымен әлемді тербетеді. Асыл да қымбат аналардың орны әрқашан да бөлек. Әйел адамдар қазір үйін ғана емес, халықты басқарып отыр. Олар Бірғаным Әйтімова,Тамара Дүйсенова,Оразгүл Асанғазықызы тағы басқа қайраткер жандар. Мен-бақыттымын.Себебі мемлекетіміз жалғыз басты аналар және олардың балаларына көп көмек көрсетіп жатыр. Ардақты ана,абзал арулар туралы күн сайын қаншама жаңа жырлар, әсем әндер келуде.Ана туралы толғанбаған ақын-жазушылар жоқ шығар.Сонымен қатар, әдебиетте де ана тақырыбына талай қаламгер ой салған. Қадыр Мырза-Әли «Ана», Мұқағали Мақатаев «Шеше,сен бақыттысың»өлеңі, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында қайратты аналарды бейнелейді.Кейбір адамдар өз аналарын қарттар үйіне тастап, ана жүрегіне үлкен қайғы әкеледі. Мұндай адамдар ана қадірін, қасиетін білмейтін адамдар. Адамдар қаншама жақсы істер жасап, анасын қаншама құрметтесе де, ана алдында мәңгі қарыздар бола береді.Өмірде кездесіп жататын осындайдан аулақ болыңыз. Аналарыңның өлшеусіз еңбегін бағалап, мәңгілік қамқор болыңдар.

Анашым,анашым,анашым,

Әлпештеп өсірген баласын

Ертең мен алысқа кеткенде

Көзіңе жас алып қаласың

Аман бол,аман бол анашым!

Сіз маған қадірлі панасыз

Аналар бақытсыз баласыз

Балалар қалайша мерейлі

Өздері жүрсе егер анасыз

Жарқылдап жүр,анашым! Сіздің еркелеткеніңізге тасып қаламын.Анашым,аялы алақаныңызға не жетсін,шіркін!Ана-нұры елімнің.Қазақ елінің асыл аналары аман болыңыздар!

ШҚО Тарбағатай ауданы Тана мырза орта мектебінің

7-сынып оқушысы Көшкінбаева Маржан

Реклама