“ЖАС МАМАН — 2018” САЙЫСЫ

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА, Түркістан қаласы.

ОҚО, Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы № 9 мектеп-гимназияда жас мамандардың шығармашылығын тарату, озат тәжірибені насихаттау, мұғалімдік мамандықтың мәртебесін көтеру мақсатында жас мамандар онкүндігі өткізіліп, іріктеуден өткен мұғалімдер мектепішілік “Жас маман-2018” сайысына қатысуға мүмкіндік алды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Мұратқызы мектепішілік сайысты шеберлікпен кәсіби тұрғыда ұйымдастыра білді. Ол ең алдымен сайысты өткізуге байланысты барлық детальдар, ұйымдастыру шараларын ойластырды. Қатысушылардың бағалау өлшемдерін жасады. Сайыстың ережесі бойынша І тур – панорамалық ашық сабақтар, сыныптан тыс іс-шаралар көрсету болатын. Панорамалық сабақ дегеніміз – мұғалім өзінің жаңаша сабақ өткізу үлгісін, педагогикалық озат тәжірибесін, оның барлық элементтерін (оқыту әдіс- тәсілі, технологиясы, оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастырудың формаларын) бір сабақ мысалында емес, сабақтар жүйесінде жинақы түрде көрсету болып табылады.

І турда 25 жас маман тәжірибелік тұрғыда талапқа сай ашық сабақтарын көрсетіп белсенділік танытты. Бұл көрсетілімдер құрастырылған жүйе бойынша бағаланды. Мектеп әкімшілігінің шешімімен аса тартысты өткен турда 6 жас маман алға суырылып шығып ІІ турға қатысу үшін жолдама алды.

Көктемнің алғашқы күнінде “Жас маман — 2018” сайысы үш кезең бойынша Акт залында жоғары деңгейде өткізілді. Ашылу салтанатында, мектеп директоры Ж.А.Орынбаева “Алғыс айту” күнімен барша көрермендерді құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайысты өткізу, жүргізу ісі орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлжан Ақтөрееваның еншісіне бұйырды. “Сәлемдесу” кезеңі бойынша қатысушылар көрерменге өзін — өзі таныстырып, шығармашылықтың көрінісін айқындады. Барлығы осы турда “өнерін, білімін, интеллектісін” көрсетуге тырысты. Бұл кезең сонымен қатар сайыста жағымды атмосфераның қалыптасып, ортаны ізгілендіруге ықпал етті. Сұрақ-жауап кезеңінде тапсырмалар қатысушылардың жалпы эрудициясы, кәсібилігі, педагогикалық, психологиялық жағдаяттарды шешуі, сондай-ақ тұлғалық мәнді сапалары сияқты әртүрлі қырларын көрсетуге бағытталды. Сайысқа қатысушылар үшін нағыз білім көтеру кезеңі болды деуге болады. Шығармашылық кезеңінде өз ісінің шеберлері, талантты мұғалімдеріміз сахнада өз өнерлерін аспапта ойнау, тамылжыта ән салу, мың бұрала билеу, сахналық көрініс қою жалпы өнер көрсету формаларын айшықты етіп көрсете білді. Мұғалімнің әртістік қасиетін танытқан кезең болды. Әрине, мектеп театр емес. Бірақ мұғалім үнемі халық алдында тұратын танымал тұлға. Олай болса, ол аудиторияны меңгере алуы, иландыра білуі, шабыттандыра алуы тиіс. Мұғалім – педагогикалық әрекеттің сценариясын жасаушы оны орындаушы актер. Мұғалімдердің даралығы, шығармашылығы осы кезеңде анық көрінді.

Сайысты ұйымдастырушы мектеп директорының орынбасары Гүлжан Мұратқызы да өз кезегінде кәдуілгі әртістердей екі ән шырқап көрермендерді талантымен таң қалдырды. “Ана” туралы ән шырқалғанда тіпті, кейбір көрермендер көздеріне жас алды.

Әділ қазылар алқасының мүшесі Г.Мусаева үш кезең бойынша қатысушылардың бағаларын сараптап, нәтижесін шығарды. Ал, мектеп директорының орынбасары Г.Т. Халилова “Жас маман” сайысы бойынша әділ қазылар шешімін қорытындылап, жеңімпаздарды жариялап марапаттады. Бас жүлдені қазақ тілі пән мұғалімі Ахметова Зульфия, 1- орынды математика пән мұғалімі Мурзакаева Гузаль, 2-орынды математика пән мұғалімі Мамурова Севара, бастауыш сынып мұғалімі Мукашева Диляра, 3- орынды ағылшын тілі пән мұғалімі Пазылова Меруерт, орыс тілі пән мұғалімі Чеганова Ирина иеленді. Бас жүлде иегері –Ахметова Зульфия қалалық “Жас маман — 2018” сайысына жолдама алды. Некрасов атындағы № 9 мектеп-гимназияда өткізілген “Жас маман — 2018” сайысы жас мамандар мектебінің дамуына, рухани жаңғыруына зор үлесін қосып бәсекеге қабілетті мұғалімдердің шеберлігін арттырды.

Реклама