Қазақстан – Жібек жолын қайта жаңғыртудағы жете кші буын

Мақала авторлары:
Астана қаласы Қазақ экономика қаржы және халықаралық қаржы университеті
«Есеп және аудит» кафедрасының PhD, аға оқытушы
Алтынбеков Миятбек Алтынбекович

магистр, аға оқытушы Жабытай Баян Нұржанқызы

Еуразия тарихындағы таңғажайып құбылыстардың бірі – Ұлы Жібек жолы – бұл жол бойынша орта ғасырларда сауда арқылы Ежелгі Әлемнің қоғамдық даму өркениетіне алып келді. Ұлы Жібек жолы – ежелгі өркениеттердің жеткен тамаша жетістіктерінің бірі болып табылады. Ұлы Жібек жолы адамзат тарихында алғаш рет Жерорта теңізінен Тынық мұхитқа дейінгі алып кеңістіктегі әртүрлі елдер мен халықтарды біріктірді.

«Ұлы Жібек жолы» — Жерорта теңізінен Қытайға дейін Евразияны көктей өтіп жатқан керуен жолдарының тоғысқан торабы, ол сонау ежелгі дәуірдегі орта ғасырдағы осы аймақтардың сауда және мәдени байланыстарының тұсауын кескен аса маңызды қатынас жолы. «Ұлы Жібек жолы» ел мен елді, халықтар мен халықтардың арасын жалғап, оларды бір-бірімен рухани жақындастырып, бүкіл әлемдік дамуды ілгерілетуде айрықша маңызға ие болды.

Көшпенді дала мен отырықшы аудандардың өзара қарым-қатынасы Ұлы Жібек жолының арқасында күшейіп, көшпенді мен отырықшы-егіншілік мәдениеттер бір-бірін өзара байытуға септігін тигізді. Отырықшы қалалықтар мен көшпенді тайпалар бірін-бірі түсінуі нәтижесінің барысында адамзаттың алуан түрлі ежелгі мәдениетінің ішіндегі өзіндік мәдениетті құрды. Ұлы Жібек жолын қайта қалпына келтіру бүгінгі таңның ең өзекті мәселелерінің бірі және бұл ірі халықаралық жобаны, оның ішінде Ұлы Жібек жолы бойымен халықаралық мәдениетті дамытуға Қазақстан белсенді қатысып келеді.

Адамзат баласы қалыптасқан кезден бүкіл парасат иелерін толғандырып келе жатқан мәселе мәдени қарым-қатынас пен басқаға деген көзқарас болып табылады. Қатаң әрі кесімді айтқанда, тек өзара қатынас пен өзара әрекет арқылы мәдениет шынайы бар болады және дами алады. Осының нақтылы көрінісіне Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени ауысулар мен өркениеттік гүлденулер жатады. Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени сұхбатшылық, мәдениеттердің өзара тоғысуы жаңа дәуірдің III мыңжылдығының басында ол сол замандағыдай құнды. Қазақстанның болашағы дәл осы ұстын бойынша іске асады және еліміздегі мәдениеттану ғылымының өзекті мәселесіне жатады.

Жаhандастыру тарапынан адамзатқа қойылған мәжбүрлеудің алдында ұлттық мәдениет өз бойында озық құндылықтарын жасап шығарулары керек. Өйткені тек жасампаз мәдениет қана жалғыз өзіндік таңдауға ие болып қоймай, жаhандастырушылардың кез-келген жоғары стратегиялық және тактикалық ұмтылыстарына, айла-шарғылары мен шараларына үйлесімді және дәйекті жауап бере алады. Біздің қазақта «Біреудің бағы – біреудің соры» деген мақал бар. Осы мақалды көне Жібек жолына да қатысты қолдануға болар еді. Қандай жол болмасын, ол – өмір өзегі. Сыртқы әлеммен жол қатынасын қалыптастыра білген ел қашанда болмасын өзгелерден озық дамиды. Енді, міне, сол көне Жібек жолын қайта қалыптастыру мәселесі қайта бастау алды. Жібек жолы тек сауда жолы болып қана қалмастан, дүние жүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосты.

Осыдан жиырма алты жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде жеке шаңырақ құрған кезден бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сол көне Жібек жолын жаңа қырынан қайта тірілту мәселесін алдына стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде қойған болатын.

Елбасымыз өзінің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты халыққа Жолдауында былайша атап көрсетті: «ХV ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғап жатты. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін соңғы 500 жылда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан маңызға ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүмкіндіктерімізді нығайтып келеміз. Әлемдік нарыққа бағалы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикізатын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен көне Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және темір жолдарының сұлбалары айқындала бастады», деді. «Ұлы Жібек жолын» қайта жаңғырту идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвесторларымен өткен 25-пленарлық отырыста қайта көтеріп, оның маңыздылығына ерекше тоқталған еді.

Ғаламдық Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы, Еуропа мен Азия елдерінің ықпалдастығының тәжірибе құралы болатындығы даусыз. Осы орайда Қазақстанның көлік-логистикалық дамуын қалыптастыру тұрғысында мүдделілік танытып қана қоймай, бәрінен бұрын Еуропа мен Азия елдері арасындағы «Ұлы Жібек жолы» арқылы тиімді сауда жасауына мүмкіндік әпереді. Бір сөзбен айтқанда, «Ұлы Жібек жолы» экономикалық жобадан Қазақстанның экономикалық, мәдени, саяси тұрғыдан ұтары көп.

Көне Ұлы Жібек жолының бүгінде қайта жаңғыруы Қазақстан үшін маңыздылығы жоғары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғырту арқылы еуразиялық көлік-логистикалық және іскерлік хабына айналуды жоспарлап отырғанын айтқан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымға маңыз берілетініне тоқталған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салып, Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру туралы бастамасы Қазақстанның экономикасы, әлеуметтік жағдайы және мәдениеті үшін маңызды болып табылады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» Халықаралық көлік дәлізі арқылы үздіксіз жүк тасымалдау жергілікті бизнестің дамуына мүмкіндік береді. Жібек жолы бойында инфрақұрылымды дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға болады.

Жібек жолын қайта жандандыру – бұл ұқыпты стратегиялық жоспарлауды талап ететін күрделі көп жақты сала. Жібек жолы – бұл ежелгі маршрут бойындағы жай ғана құрылыс жолы емес, бұл инфрақұрылымның дамуы, тиімді ынтымақтастық үшін ең жоғарғы деңгейдегі қолайлы жағдайда құруды толық жетілдіру заңнамасы, сонымен қатар елдер-қатысушылар арасындағы өзара түсіністік жетістіктері үшін шебер дипломатия. Жібек жолы жүйесін қайта жандандырып, қалпына келтіру Қытайдың батыс аудандары, Қазақстан және Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның басқа да елдері үшін маңызды болып табылады. Жібек жолын қайта жаңғырту оның бойында орналасқан барлық елдердің экономикасына өзгеріс алып келетіні сөзсіз.

Қазіргі кезде тәуелсіздік алған Қазақстан өзінің жерінің байтақтығын икемді пайдалана біліп, Ұлы Жібек жолын қайта түлетудің негізінде транспорттық көпір болу саясатын жүзеге асыра бастады. Жібек жолын қайта жаңғырту идеясы тартымдылығының күшті екені соншалық, қазіргі таңда оның дәстүрлі аймағында орналасқан елдерде көптеген адамдар оны жүзеге асыруға ұмтылуда.

Елдер арасындағы жан-жақты байланыстарды орнату шеңберінде Жаңа Жібек жолын құруды күшейту, шын мәнінде, үйлесімді дамуға, бейбітшілікке жетуге және халықтардың жарасымды өмір сүруіне бағытталған. Ұлы Жібек жолының рухын, тәжірибесі мен дәстүрлерін ескеру қабілетімізге байланысты екені анық.

Кәсіподақ кеңесінің мақұлдауымен және қолдауымен газет бетіне жариялауға мүмкіндік алдық. Осы мақаланың басылымнан шығуына университетіміздің кәсіподақ кеңесіне білдірер алғысымыз зор.

Реклама