СҮЙІНШІ! «Тұран тудырған тұлғалар» кітабы жарық к өрді

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, “Ұстаз” және “Түркістан ұланы” газетінің меншікті тілшісі Ақмарал Ғаниқызының «Тұран тудырған тұлғалар» атты құнды кітабы “Тұран” баспаханасынан ақпан айында жарық көрді. Бәрекелді, құптарлық жәйт! “facebook” әлеуметтік желі қолданушылары арасында өткізілген “Оңтүстік ғажайыптары” атты облыстық байқауы әрбір қатысушыға таудай талап қойды. Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО бойынша өңірлік филиалыныңұйымдастыруымен“Оңтүстік ғажайыптары” байқауы 2017жылдың наурыз айында басталып, қазан айында мәреге жетті. 30-дан аса үміткерлер қатысып, соның ішінде қаламы ұшқыр, ойы жүйрік 16 қаламгер жеңімпаздар қатарынан көрінді. Түркістанның төл перзенті — Ақмарал Ғаниқызы жеңімпаз атанып 100.000 тг. сертификатын иеленді. Ақмарал Ғаниқызы тас-түйін мақсаткерлігінің арқасында сол олжасын игілікке жұмсап “Тұран тудырған тұлғалар” атты ғажайып кітабын жарыққа шығарды. Журналистік мамандықты терең меңгеріп еңбекқорлығының арқасында назарға ілініп, мақалалары республикалық, облыстық, қалалық баспасөздерде үздіксіз жарияланып жүрген Ақмарал Ысқақова небәрі 27 жасында Қазақстан Журналистер Одағына мүшелікке енді.

“Тұран тудырған тұлғалар” атты тырнақ алды туындысында кейіпкерлерді қиялдан өрбітпей, қиядан шалып, заманмен біте қайнасқан, өмірлері өнегелі жандар туралы жазбаны ақ қағазға ажарландыра қондырыпты. Байқаудың шарты бойынша әр жазба 1000 символдан аспауы керек тұғын. Түркістандық 35 тұлға –кейіпкер жайында толғанып толқындатып жазған автор аз сөзге көп мағына сыйғыза білген. Ол шоқтығы биік тұлғалардың өмір дерегін асқан шеберлікпен, ізденіс-зерттеушілік қасиетімен, өз ойын тұжырымдай білуімен, сөздік қорының молдығымен, тіл байлығының құнарлығымен, обьективті көркем тіл стилімен жаза білген.

Пәрмені тегеурінді қаламгер қаламынан туған тағылымды дүниелерін шашпай-төкпей уысында ұстап, облыстық бұқаралық ақпарат құралында жариялайды. Әр жазбасы бірін-бірі қайталамайтын шымыр шығарма дерсің, тақырыптарының өзі отты ой маздатады. Кейіпкерлеріне зер сала терең үңіле отырып, қырларын жан-жақты ашып көрсетіп, адамшылық қасиеттері, атқарған өлшеусіз еңбектері туралы кең көлемде баяндайды. Мысалы, “Көкіректе көп арманды маздатып…”, “Өскелең жасқа өнеге”, “Бекзада Бекзат”, “Ағаштан түйін түйген Тасболат”, “Еркін елдің Ерқанаты”, “Театрды танытқан тарлан”, “Жарқын жүзді Жақсыбек”, “Семсер сөздің серкесі”, “Аламан айтыстардың Арыстаны”, “Тіл тағдырын толғаған Мұсахан”, “Заң саласының заңғары”, “Қаны қазақ Қаныбек”, “Сын сардары” т.с.с. Уақытты бағамдай білетін автор байқау барысында шектеулі уақыт болғандықтан күндіз кейіпкерлерімен жүздесіп, түсінісе, табыса, келісе сұхбаттасып, ал түнде түн ұйқысын төрт бөліп ой- толғаныспен, көркем таныммен қалам тербеп көрікті шығармаларын компьютерге теріп сақтайды. Шығармашылықтың өн бойынан өріс кеңдігін, ізденімпаздығын аңғарамыз.

Алғы сөзді Түркістан қалалық білім бөлімі әдіскері, филология ғылымдарының кандидаты Рахила Үрімова мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Ұстаз», «Түркістан ұланы» газеттерінің редакторы Акбар Исхаков жұп-жұмыр етіп жазыпты. Түркістан қаласының дамуына, көркеюіне өзіндік қолтаңбаларымен үлес қосқан, тіпті кейбірі Республикаға, облысқа танымал сан қилы мамандық иелері, қоғам қайраткерлері, өмірлері өнегелі тұлғалар жайында жазылған 35 эссе-мақалалары нөмірленіп кітапта топтастырылған. Олар Ақмаралдың рухани ой- дүниесінде ғажап із қалдырған мүйізі қарағайдай дарындар мен қоғам қайраткерлері І.Қожабаев, Ж.Құлбайымбетов, Р.Сейтметов, Б. Саттарханов, Ж.Бейсенбекұлы, Б.Шойбеков, Г.Әсілбайқызы, Ұ.Мұстафаева, М.Жаңбыршықызы, С.Шалхарұлы, С.Елеуов, А.Батырбекова, М.Дүйсекейұлы, Б.Нақыпов, Б.Нұржанов, Қ. Сарыбаев, М.Мерешова, Қ.Ергөбек, Е.Бимаханбетұлы, Б.Сердәлі, Г.Дюсенбаева, Д.Орманова және басқалар. Осы тұрғыда Фейсбук желісінде жазылған пікірге назар салайық, Бекжігіт Сердәлі: “Ақмаралдың кітабын қарап шықтым. Оңтүстік өңірінің бірқатар танымал азаматтары жайлы эссе-мақалалар топтастырылған екен. Шағын болса да, өңір тарихына құмар адамға тамаша энциклопедия болғалы тұр” Демек, бұл еңбек – энциклопедия! Замананың рухани келбетін, шығармашылық ортасын, қоғам, ұлт тағдырын, шалқар ойды шағын формаға сыйғыза білген Ақмарал Ғаниқызының білімдарлығына, қуатты, зейінді, екпінді шығармашылығына таң қаласың, тәнті боласың. Бұл – құбылыс! “Жас келсе, іске” дегендей, қоғам үшін өлшеусіз игілікті іс атқарып, кәсібіне адалдық танытып жүрген Ақмарал Ғаниқызының «Тұран тудырған тұлғалар» кітабы оқырмандарға жол тартып, ғасыр қойнауына енбек, адамзатқа мол үлгі алатын рухани азық болмақ.

“Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” дегендей, соңғы тарау “Ұстаз” газетінің негізін қалаған арда тұлға, тұңғыш редактор Ғани Ысқақовқа арналыпты. Әкесіне жете туған Ақмарал “Сағындым әке иісіңді…” тақырыбында салмақты ой толғайды. Шығармашылығымды дамыту жолында менің де ұстазым болған Ғани ағай –халықтың адамы еді. Ол – шапақ шашқан алтын күндей көпке ортақ еді. Оның ізгілікті қасиеттері жайында көзкөргендер естеліктермен бөлісіпті. Ұрпақтар сабақтастығындай асылдың тұяғы Ақмарал Ғаниқызының уыз келбетіне, арқалаған нар жүгіне қарап балалықтан даналыққа қол созғанын, шеберлігі шыңдалғанын, шығармашылығы өрлегенін, үлкен іс тындырғанын, әке жолын қуғанын анық аңғарамыз.

Еңбек- әр азаматтың өмірлік ескерткіші, елінің рухани қазынасы. Сөз соңында, Ақмарал Ғаниқызына елге берер мұраң мол болсын, жазарың көбейіп, тасың өрге домаласын дегім келеді.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.