Оқушылар шығармашылығы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Аудандық Оқушылар Үйінің
«Жеке ән» үйірмесі мүшелері:

Нақыш Назым
Алдан Толағанай Мақсымқызы
Көптілеу Үмітжан Жеңісбекқызы

Жетекшісі: Нағима Қарымсақова

Анаға сағыныш

Асыл анам, аяулы анам ардақтым,

Төздірмеуін қарасаңшы сағаттың.

Бір мезгілде көрмей қалсам өзіңді,

Сағынумен сағаттарды санаттым.

Ет-жүрегі елжіреген анашым,

Балаң үшін отқа түсіп жанасың.

Таршылықты көрмесін деп ешқашан,

Барыңды сап, әлпештеп-ақ бағасың.

Асыл анам, аппақ анам, анашым,

Біздер үшін әрқашан да дарасың.

Өздік нәрін ақ сүтімен сарқыған,

Тек мейірім билеген ой-санасын

Анама арнап жазсам да мен жыр-дастан,

Білем оны ақ сүтін еш ақта-алман,

Тек тілерім-аман болсын аналар,

Күліп жүрсе ашық болар нұрлы аспан!

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,

Аудандық Оқушылар Үйінің «Жеке ән» үйірмесінің мүшесі

Алдан Толағанай Мақсымқызы

Жетекшісі: Нағима Қарымсақова

Эссе

Ана қасиетті де киелі есім.

Алдымен сүй ардақта ата-анаңды,

Одан артық көрдің бе асыл жангды.

Түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеген,

Сүйем мен аяулы жан, тек анамды.

Ана жайлы ойымды мына параққа жазып, айтып тауыса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса осы парақ бетіне жазып жеткізгім келеді.

Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ.

Осы үш қана әріптен тұратын «ана» сөзінің астарында ұшан теңіз мән-мағына жатыр. Ана әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы қастерлі сөз. Адамзат баласы ең алғаш дүние есігін ашқанда ана деген сөзді алғаш айтып, ананың ақ сүтінен нәр алады. Ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. Сөзімнің соңында айтарым барлық адам баласы ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Жет бетіне жақсылық нұрын себетін аналарым аман болсын. Мен бақыттымын! Өйткені менің осындай алтын анашым бар.
Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аудандық Оқушылар үйінің
Жеке ән үйірмесінің мүшесі Нақыш Назым
Жетекшісі — Қарымсақова Нағима

Абай жолы

Сөз шебері, тіл өнері елден асқан дара тым,

Қазағымның маңдайында мәңгі жанып қалатын.

Сара жолдың, кемел ойдың нақ бейнесі тау тұлға,

Туған елдің мұң-қайғысын саралаған дана ақын.

Терең оймен мұң-қайғысын саралаған дана ақын.

Тар заманда әділ жолдан, адалдықтан танбаған.

Қараң қалған, тәлкек болған һәм қазақты жетелеп,

Ғылым-нұрға апаратын дара жолды таңдаған.

Әділетсіз бай-шонжарды тіл оғымен қадаған,

Адалдықты адамзаттың ақ парызы санаған.

Көкіректің көзін ашып жөнсіз кеткен ел-жұртты,

Жарық жолға, адамдыққа жетелеуді қалаған.

«Тұман күнде, жапа түзде» құлазыған қауымға

Ақыл айтты, адалдықпен еңбек жолын табуға.

Тым болмаса «жалғ жүріп, жат жер көріп, мал тауып»,

Бар ғұмырын құр жібермей, өтеу еңбек жолында.

Еңбек етпей, тапқан дәулет, бағы менен малы да,

«Жоғаларын қар сусындай» ескертеді тағы да,

Өмір бойы азық болар, жұтамайтын байлық бар,

Бір ғана жол,- дейді- «ғылым-орыстың ол қолында».

Өзгелерден үлгі алу, емес оған бағыну,

Әдебиеті дамығанға шыны керек табыну.

Ашық күнде бағытынан жаңылған сол ел-жұрттың,

Санасына жеткізе алмай, күйге түсті жабығу.

Ел мінезін, қасиетін түзеуге сап бар күшін,

Сөзіменен тәрбиеелп, саралады ел ішін.

Надандыққа қарсы қару етіп қалам ұстанды,

Тәрбиеден қалдырмады оқу тіпті, дін ісін.

Адасып та, шатасып та жатқан елдің үстіне,

Дүмше молда күйіндірді сөйлегені күпсіне.

Пайғамбардың әмірімен жаратқанның хақ жолы,

Бұзылмауын қадағалау міндет етті өзіне.

Осылайша білім көзін ашып ерлік жасаған,

Еңбегінің арқасында ақ күн туды тасадан.

Тас-түнекті бұзып-жарып шыққан сәуле қазаққа,

Ұлы жеңіс деп білемін Абай ақын жасаған.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,

аудандық Оқушылар үйінің «Жеке ән» үйірмесінің мүшесі

Көптілеу Үмітжан Жеңісбекқызы

Жетекшісі: Нағима Қарымсақова

Жетім Құлын

Бүгін үйге әкелді жетім құлын,

Туылған-ды осыдан төрт күн бұрын.

Әр нені тіміскілеп, сүт іздейді,

Бір түртіп, алға созып ақ тұмсығын.

Бейкүнә, жас сәбидей тасталынған.

Енесінің бауырынан тез алынған.

Ол безбүйрек ананың ісі болса,

Бұл құлынның қайғысы басқа болған…

Тұяғы жаңа қатып жүрген кезі,

Анасымен өрісті көрген кезі,

Әр немені қызықтап, жас балаша,

Енді үйір жылқыны көрген көзі.

Бұл жарықты көрмей тұрып құла айғыр,

Ұзап кеткен таптырмай тура ай бір.

Іздеушілер үйірді тауып алып,

Үш күн айдапты өткен қайбір.

Ұзақ уақыт құқық көрмей өткен жылқы,

Бостандықпен артқа салған білдей жылды.

Бас бермей бытырап үйір қашып,

Ызасына иесінің бүгін қалды.

Әрі-бері айдаған үш күн бойы,

Үйір жылқы қүрыққа көнбей қойды.

Ақыр соңы бұл ісі өнбеген соң,

Иесі сұм мылтықпен атып қойды.

Адамдардан құлынын қорыған бие,

Жолатпады маңына ешбір ие.

Құлынымен шет жақта қашып жүріп,

Ышқына кеп құлады бір оқ тие.

Міне солай бітеді қанды оқиға,

Жетім құлын кетеді бірге сонда.

Қайтесрсің, бұл өмірдің қаталдығын,

Уызына жарытпаған тым құрыса…

Алдымда тұр енді көзі жәутеңдеумен,

Сүт іздеп еріп жүрер мөнтеңдеумен.

Бұл төлді өз көзімен көріп тұрып,

Жанарыма жас іркілді мөлтілдеген

Бұл заманда сан-мың жетім бала бар,

Қанша сәби үйінде ғой балалар.

Қос жанарын жәутеңдетіп құлынын,

Қалай ғана қиып кетеді аналар…

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы

Аудандық Оқушылар үйінің «Жеке ән» үйірмесінің мүшесі

Көптілеу Үмітжан Жеңісбекқызы

Жетекшісі — Қарымсақова Нағима

Көктемнен келген сезім

Кешкірген көктем кеші… Саябақ…

Саябақ іші толған адамдар. Бәрі де қуанышты, жүздері ерекше нұрлы. Көктемнің келгеніне жадырайтын секілді. Мұнда серуендеп жүргендердің көбі-айдында жүзген қос аққудай жарасып, қол ұстасқан жастар. Бірі жұптары жазылмай, жүздері бал-бұл жайнай жүргінші жолын бетке алып, кең бақты аралап барады. Ал енді бірі отырғаншта жай үнмен сырласып, құшақтары жазылса бірін-бірі жоғалтып алатындай қапсыра құшақтасып, тәтті бір күйде отыр. Айнала мейірім мен жылылыққа малынып тұрғандай. Көге шалынған енді бір жұпты байқасаң «оһо» өзгелерден ерекше әрі оқшау. Жұрт көзінен тасалау жерде сезімге беріле аймаласып тұр. Бірін-бірі үнсіз ұғынысып, тәтті сезімге ерік бере, ұзақ-ұзақ сүйісіп, сезщімдерін мәпелей түскендей.

Адамзат бойына ерекше бір күш пен қуат, бақыт пен шаттық сыйлайтын көктемнің осындай жанға жайлы кештерін жұптасқан асық жандардың ұзақ-ұзақ сырласумен, табысумен өткізері анық. Жалғыз басты боп бақытсыздыққа ұшырағаннан жас та болса жұптасып, барша адам жайраңдап жүрген қандай жақсы. Тіпті, көктеммен жаңаша оралатын осынау құдіретті сезімге ешбір теңеу де, тосқауыл да жоқтай. Ой елегінен өткізіп қарасаң ешқашан ескірмейтін, жаңармайтын, адалдық пен тазалықты қалайтын, сан-мың ақын, шайырлар жырға қосқан, талайлардың бағы, тіпті кей біреулердің соры болған, мәңгілік құпиялы нәзік сезім Жаратушының адамзат баласына, әлемге сыйлаған ерекше мезгілі көктеммен қайта оянатын секілді. Бүкіл әлем, табиғат алты айғы ызғардан арылып, көрпесін сілкіп тастап, жанданып жатыр. Басқасын былай қойғанда жанға жайлы, жібектей саф ауаның өзі, айтып жеткізуге мүмкін емес, қандай керемет еді! Жер-Ана бауыры жібіп, ашық аспанға арайлап шығатын аяулы күн де күліп тұрғандай, айнала өзгеше жасарып, жан біткеннің жүзі жылып, жан-жақтарына ерекше сезіммен назар аударып жатқандай. Жандының барлығының жан дүниесін баурап алатын көктемнің осынау сиқырлы мейірімімен адамдардың жүрегі де мейірімді боп кете ме, қалай өзі?! Сірә, бұл маусым барынша махаббатқа ьөлейтін болса керек. Ал сол сиқыр сезімнің жетегіндегілер бүгінгі күндерді ерекше құрметпен күткендей. Бұл кезедрі балғын жастар көктеммен келген мәңгілік мәні бар қызықты алғашқы махаббатты бастан өткеріп жатса, ересектер өмірлік теңін тауып кең әлем шаттыққа толып жатыр. Шынында да махаббатқа ешқашан ерте не кеш емес, оған бола ешкімді жазғырудың да керегі жоқ. Себебі, махаббат-Алланың сыйы, бұйрығы. Сүю отбасын құру-өмірдің өзгермес заңдылығы. Егер махаббат болмаса расында да әлем күйрейді, адамдар тасбауыр, мақұлыққа айналады. Махаббат әлемді құтқарады. Тек, осынау қасиетті де киелі, кіршіксіз, пәк ұғымға адамзат баласы кірлетіп, дақ түсірмесе екен.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,

аудандық Оқушылар үйінің «Жеке ән» үйірмесінің мүшесі

Көптілеу Үмітжан Жеңісбекқызы

Жетекшісі: Нағима Қарымсақова

Ой

Асыл сабағын ооқып болған соң, таза ауамен тыныстау үшін сыртқа шықты. Күн ұзағына төрт қабырғаға қамалып шұқшиып отыра бергеннен миы мең-зең болып кеткендіктен бір сәт табиғатқа назар аударғысы келеді.

Сыртқа шығып жауыннан кейінгі қоңыр-салқын таза ауаны рахаттана жұтты. Ол қалайша байқамаған, ауа бұл сәтте біртүрлі шәрбәттай, кереметтей сезілді. Бұған құмартқан ол ауаны көп мәрте тереңінен жұтып алды да, көзін жұмып бар болмысымен табиғаттың тылсым күшін сезінгендей болды. Өзі жан-тәнімен жақсы көретін күннің батуын біраз уақыттан бері осылай тамашаламағанды. Тамылжыған таза ауа, тау-тау боп үйіліп, бір-біріне ұласып жатқан сар төбелерге еңкейген майысқан ағаштар, бетін сүйіп өткен жәбек самал, өрістен оралған мал-жанның үні бәрі-бәрі Асылды көптен бергі мазасыздықтан, шаршаңқылықтан лезде құлан-таза арылтқандай. Осы сәтте ол айналаның осындай кереметін әр күн сайын қайталап көре беруден еш жалықпайтындай көрді өзін. Ауыл адамдарының кешкі тұрмыс-тіршілігін, төрт түлікті жайлауын, күнделікті қым-қуыт қарбаласты, тіпті қазан-ошақтан шыққан тезек түтінің иісін, анасының сар самаурынды бұрқыратып қайнатқанын, арайлы күннің сар даланы малдырып, манауратып батып бара жатқанын бәрін де сүйіп тамашалаудан жалықайтын. Кейде өзін осындай сезімшіл екенін де байқамайды, хор қызының ұялғандағы алаулаған жүзіндей боп, айналаға қызыл шапағын шышып, отауына еніп бара жатқан күнді сүйсіне, қызыға тамашалап отырды. Айналасында болып жатқан тіршіліктің бәріне беріле, ойлана назар тастап отырды.

«Құдіретінде шек жоқ Жаратқан ием! Әлем сан-мың кереметтерге толы, тіпті, он сегіз мың ғаламда қайталанған ешбір дүние жоқ. Бұл өмір неткен тылсым әрі қызық? Біз, адамзат баласы, бұл өмірдің күйбең тірлігімен асығып жүріп керемет шақтардың қалай өтіп жатқанын аңғармай да қаламыз. Қай жерде, кімді көрсең де бәрі асығыс. Асығамыз, асығамыз. Бірақ қайда? Белгісіз… Асығып жүріп күйзелеміз. Сосын бұл өткінші өмірге лағынет айтып шыға келеміз. Неге? Себебі, қазір, мына заманда адамдар бір-біріне, айналасына қарайласпайды. Тек даму жолын, өсу жолын ойлап жүреді. «Заман солай, заман солай» дейміз. Бірақ, заманды жасайтын біз, адамдар, өзіміз емес пе? Неліктен сәл де болса да айналасындағыларға, тым болмаса, мына бір қайталанбайтын керемет табиғатқа назар салмайды екен? Сондай шамалы болса да бұл өткінші өмір туралы ой түйер еді. Асығып, асығып бұл фәнидің қалай өткенін аңғармай-ақ қаламыз-ау!

Асыл осылай ойға батып отырып күннің толық батып, қараңғылық түсе бастағанын, тіпті, денесінің тоңазып қалғанын да аңғармай қалыпты. Бойы да, ойы да бір сергіп, өзі де ой түйгендей болды. Табиғаттың, туған ауылдың саф ауасын құмарлана жұтып-жұтып, тыныстап алды да, алдағы үлкен сынға дайындығы есіне түсіп, бойын бір тамаша сезім мен қуат билеп үйге қарай бет алып бара жатты…

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,

аудандық Оқушылар үйінің«Жеке ән» үйірмесінің мүшесі

Алдан Толағанай Мақсымқызы

Жетекшісі: Нағима Қарымсақова

Әлмәмбет Әлішев ағаға

Қарымы мол қаламмен жыр тербеген,

Бүкіл елдің мұң-қайғысын сөйлеген.

Тілі-алмас, ойы-теңіз азамат,

Қанжар тілмен бұрыс істі жөндеген.

Айбары тек мәңгі ақ ту көтерген,

Ойлағаны-ұлт мүддесі өтелген.

Су түбінен маржан, ақық алғандай,

Еңбектері кемелдікке кенелген.

Бар еңбегін баспасөзде өткерген,

Күш-қайратын ізденіске жібрген.

Сан мәрте рет балтық жолын тоздырған,

Баба атын шығаратын оймен.

Елге ұнаған әділдікті сөйлеген,

Қайраткерге жауған алғыс сөнбеген.

Ғабекеңдер-сөз өнердің шебері,

Тілге шебер, сыйлай білген ер-деген.

Күн – түн демей, ел мұратын көздепті,

Ар алдында адалдықты бөлмепті.

Шабытты ой жақсылықты қалаған,

Тас-түнекті жарған батыр хан текті.

Жақсылардың жақсы аты өлмеген,

Ақсұңқарға елің сізді теңеген.

Азапты жыл жемісі боп қалады,

Сіздің жазған, асыл мұра өнегең…

Жетпіс бесті толтырыпсыз кемелмен,

Кең жайылып жатыр бүгін керегең.

Арамызда ұзақ жасап жүріңіз,

Тау тұлға боп ел сыйлаған көреген.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы

Аудандық Оқушылар үйінің «Жеке ән» үйірмесінің мүшесі

Көптілеу Үмітжан Жеңісбекқызы

Жетекшісі — Қарымсақова Нағима

Реклама