Жаңа сабақтар

“Білім беру жүйесіндегі психологиялық қызмет: интеграциялық үрдіс” тақырыбында облыстық тәж ірибелік семинар

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА, Түркістан қаласы.

АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Голландия, Югославия, Франция сияқты кейбір елдердің білім жүйесінде практикалық психология басты орынды иеленсе, Қазақстанда әлі де болса психологиялық зерттеулердің нақты жүргізілуін қажетсінеді. Елімізде психологиялық қызметті ұйымдастыру білім беру жүйесінде де жақсы жолға қойылып келеді. Оған дәлел – жекелеген балалар мекемелерінде психолог штатының ашылуы, аудандық, қалалық, облыстық білім басқармаларында психологиялық кеңестің ұйымдастырылуы, жоғары оқу орындарының психология кафедраларында психологиялық ағарту жұмыстарының жандандырылуы. Осы тұрғыда Түркістан қалалық білім бөлімі де қыруар істер атқаруда. Осының айғағы – білім беру жүйесіндегі психологиялық қызметті интеграциялау үрдісі арқылы күшейту және әдістемелік жетілдіру мақсатында Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда “Білім беру жүйесіндегі психологиялық қызмет: интеграциялық үрдіс” тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар өтті.

ОҚО әдістемелік кабинетінің тәрбие жұмысын ұйымдастыру және тұлғаны әлеуметтендіру бөлімінің басшысы З.Алтаева мен Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның директоры Ж.Ә.Орынбаева осы семинар бойынша түзілген бағдарламаны алдын-ала бекітіп мақұлдады. Облыстық әдістемелік кабинеттің әлеуметтік саласы және психологиялық жұмыс жөніндегі әдіскері А.Асилбекова, Түркістан қалалық білім бөлімінің психологиялық әдіскері Ы.Рахметовалар Некрасов атындағы №9мектеп-гимназия психологтары А.А.Алехина мен Ж.М.Куббусыноваларға әдістемелік көмегін аянбай көрсетіп кеңесін берді. Некрасов атындағы №9мектеп-гимназияның директоры Жаңыл Әнішқызы Орынбаева өзінің оптимистік қабілетімен облыстық семинардың жоғары деңгейде өткізілуіне ұйытқы болды.

Семинардың ашылу салтанаты мектеп кітапханасынан бастау алды. Мектеп кітапханасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Гүлмира Наурызбаева мен Сауле Жорықбаева “Рухани жаңғыру – патриотизм негізі” тақырыбындағы презентацияны баяндау арқылы семинардың шымылдығын ашты.

№27 жалпы орта мектебінің педагог-психологы Г.Худайбергенова “Мамандық таңдау – болашақты таңдау” тақырыбында практикалық ашық сабағын көрсетті.

Мектеп психологтары Анна Александровна Алехина, Жаңагүл Мұқанғалиқызы Куббусынова және қазақ тілі пәні мұғалімі, мектеп тренері Өскенбаева Гүлжан Центрханқызы “Оқытуда психологиялық қызметтің интерграциясы нәтижеге жетудің тиімді тәсілі” тақырыбында коучинг тренинг (топтық жұмыс) жүргізді. Коучинг барысында оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіру жөніндегі жұмыс мұғалімдермен қатар психологиялық қызметтің кәсіби рөлінің маңызды құрамды бөлігі болып табылатыны айқындалып, жетілдіру жөніндегі жұмыс тек қана мұғалімдер мен психологтардың өз тәжірибесін жақсартып қана қоймайтыны, сонымен бірге мектептегі басқа да мұғалімдердің тәжірибесіне әсер ете алатыны жөнінде түйінді идеялар айтылды.

Қала мектептерінен келген 40-тан аса қонақтар “Өнерлі ұрпақ – кемелді болашақ!” атты көрмені, яғни оқушылардың қолынан шыққан туындыларды қызыға, ыждаһаттылықпен тамашалады. Көрмені дайындаған технология пәні мұғалімдері Б. Бегайдар, И.Кононенко.

“Болашақ мамандардың кәсіби дамуының мотивациясы” тақырыбында 10 “А” сыныбында қазақ тілі пәні мұғалімі В.Батырқұлова ашық тәрбие сағатын көрсетті.

“Бейімдеу кезеңіндегі 5-сынып оқушыларына психология-педагогикалық қолдау” тақырыбында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Халилова Гульнара Тураханқызының ұйымдастыруымен

4-5-сынып жетекшілерінің қатысуымен дөңгелек үстел жүргізілді. Адамның рухани мүмкіндігі, оның өзін қоршаған ортаның талап тілектеріне мəн беріп, өзінің де, басқаның да дамуына, бар мүмкіндіктерін көрсете алуына жағымды жағдай жасау керектігі қызу талқыланды. Білім беру жүйесіндегі басты мəселе жас ұрпаққа білім бере отырып, адамгершілік сапаларының қалыптасуына басты назар аудару керектігі жан-жақты қарастырылды.

“ҰБТ-ға дайындық барысында педагогика-психологиялық көмектің тиімді жолдары” тақырыбында 11-сынып оқушыларымен орыс тілі пәні мұғалімі Сабден Баян Қасымқызы коучинг өткізді.

Білім беру жүйесіндегі психологиялық қызмет көрсету мəселелері, рухани дамудың арқауы осы семинарда айқын көрініс тапты. “Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста секілді, не істесе де келістіріп істейді”- деп А.Байтұрсынов айтқандай, семинарға қатысушылар өз мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсете білді.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясындағы әлеуметтік жобалардың іске асуына зор үлестерін қосқан, семинарға атсалысқан білім саласындағы қызметкерлерге және мектеп әкімшілігіне қалалық білім бөлімінің психологиялық жұмыс жөніндегі әдіскері Рахметова Ырысжан ризашылығын білдіріп, аймақтық семинарды қорытындылады.

Реклама

Добавить комментарий