Жаңа сабақтар

«Көңілді кітапшалар»

БҚО Казталов ауданы Жалпақтал ауылы

«Ертегі» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі

Бисенбаева Замзагуль Куангалиевна

Мақсаты: Балаларды сурет бойынша әңгімелеуге үйрету, кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру. Сөздік қорларын, тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу дағдысын жетілдіру.

Алдын- ала жүргізілген жұмыстар: Кітаптың қалай дүниеге келетіні туралы әңгімелеу, кітап бұрышында кітаптарды қарастырып, әңгімелесу, мақал- мәтелдер жаттау, үйлерінен түрлі тақырыптағы суреттер алғызу.

Барысы: Жылулық шеңбері:

Алақанды ашайық

Күннің нұрын алайық

Жүрегіміздің жылуын

Бір- бірімізгі сыйлайық.

Балалар өлеңді қимыл- қозғалыстарымен бірге жасайды.

  • Балалар, бүгінгі сабағымыз ерекше болайын деп тұр. Мен сендерді көргеніме қуаныштымын. Сендерге бір жұмбақ жасырайын:

Қабат- қабат қаттама

Ақылың болса аттама. (Кітап)

Балалар жұмбақтың шешуін табады.

  • Дұрыс айтасыңдар. Бүгінгі сабағымыз кітап туралы болады. Кітаптан біз түрлі қызықты ертегілер, аңыз әңгімелер, тақпақтар, өлеңдер оқып біле аламыз. Бүгін осындай кітапты өз қолымызбен жасап шығамыз. Оның ішіндегі қызықты әңгімелерді де өзіміз жазамыз.

Ол үшін өздерің таңдаған суреттеріңді алдарыңдағы ақ параққа желіммен жапсырып аламыз.

Балалар суреттерін желіммен параққа жапсырады. Қиналған балаларға көмектесу.

-Ал, енді, өздеріңнің суреттеріңде не бейнеленгенін әңгімелеп беріңдер.

Балалар кезекпен өз суреттері туралы әңгімелейді.

  • Менің суретімде балалар доппен ойнап жүр. Бұлар- Ернар, Марат, Бейбарыс. Олар менің достарым.
  • Мына суретте аспанда күн бейнеленген. Жерде гүлдер өсті, көбелектер ұшып жүр.

  • Гаухар мен Нұртас ағаш егіп жатыр. Нұртас күрекпен топырақпен ағаштың түбін көмді, Гаухар су құйды.

  • Менің суретімдегі қыздың қолында қуыршағы бар. Ол аулаға балалармен ойнауға шықты.

Осылайша балалар өз суреттері туралы өз сөздерімен әңгімелеп береді.

Тәрбиеші жетекші сұрақтар қойып отырады.

Әр баланың суретінің астына өздерінің айтқан әңгімесін жазып қою.

  • Ал, енді барлығымыздың суретті кітапшаларымызды жинақтап, бір үлкен кітап жасайық.

Суреттердің барлығын біріктіріп, кітап беттеріндей ретімен қойып, жапсыру.

  • Балалар, бұл біздің өзіміз жасаған кітабымыз. Енді оған ат қояйық.

Бұл кітаптың аты- «Көңілді кітап» болсын.

  • Балалар, кім кітап туралы қандай мақалдар біледі?

«Кітап- білім бұлағы».

«Кітап- ең қымбат сыйлық».

«Алтынды жерден, білімді кітаптан алады».

  • Жарайсыңдар, кітап туралы көп біледі екенсіңдер. Біздің кітап бұрышында да қызықты кітаптар өте көп. Қазір, сендермен қызық ойын ойнаймыз.

Ойын: «Кейіпкерін таны».

Балалар кітап суреттеріне қарап, қандай ертегі екенін тауып айтады.

-Өте жақсы. Енді көңілді кітабымызды кітап бұрышына көрмеге қоямыз. Ата- аналарымыз келгенде көретін болады.

Білім беру саласы: «Коммуникация» , «Таным»

Ұйымдастырылған оқу қызметі: «Көркем әдебиет»

Тақырыбы:«Қызыл телпекті қыз бізде қонақта»

Мақсаты: Балаларға ертегіні тыңдай білу мен мәнерлеп айта білуге, кейіпкерлердің мінез- құлықтарын сипаттап, бейнелеуге үйрету, балалардың ақыл- ойын , қиялын дамыту, есте сақтау қабілетін, кеңістікте бағдарлауын, заттарды салыстыру қабілеттерін арттыру, сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, қонақжайлылыққа , қамқорлыққа және көмекке дайын болуға тәрбиелеу.

Пайдаланылған көрнекі құралдар: теледидар, техникалық құралдар, пішіндер, аңдардың суреттері, ертегі кітабы.

Әдіс- тәсілдер: көрнекілікпен, слайдпен жұмыс, әңгімелеу,түсіндіру, ойын.

Үштілділік компонент: «Қызыл телпек- красная шапочка- little red riding hood, қасқыр- волк- wolf »

Әрекет кезеңдері Тәрбиешінің іс-әрекеті Балалардың іс-әрекеті
Мотивациялық

қозғаушы

Жылулық шеңбері.

Балаларды шеңберге тұрғызып, «Міне, осылай!» ойынын ойнату.

— Қалдерің қалай?

— Суда қалай жүзесіңдер?

— Қалай жүгіресіңдер?

— Алысты қалай көресіңдер?

— Қалай қол бұлғайсыңдар?

— Ұйқыдан қалай тұрдыңдар?

— Қалай қуанасыңдар?

— Жарайсыңдар, балалар! Орындарыңа отыра қойыңдар.

Балалар шеңберге тұрады.

— Міне, осындай! (бас бармақтарын көрсетеді).

— Міне, осылай! (екі қолмен суда жүзгендей көрсетеді).

— Міне, осылай! (екі саусақтарын қимылдатады).

— Міне, осылай! (қолдарымен дүрбі жасайды).

— Міне, осылай! (қолдарын бұлғайды).

— Міне, осылай! (екі қолдарын көтереді).

— Міне, осылай! (қолдарын шапалақтайды).

Балалар жартылай шеңбер жасай отырады.

Іздену-

ұйымдастырушы

-Балалар, бүгін ерекше күн болып тұр. Бізге бір бейне хабарлам келіп түсті. Алдымен сол хабарды көріп алайық.

Теледидардан бейнекөрініс көрсетіледі. Қызыл телпек өзінің қонаққа келгісі келетінін айтады.

— Ендеше, Қызыл телпекті қарсы алайық. Ол келіп те қалған екен.

Көңілді әуен ойналып, топқа Қызыл телпек кіреді.

Балалармен амандасады.

Қызыл телпек:

— Балалар, мен сендердің тәртіпті, әдепті балалар екендеріңді естіген едім. Бүгін әжеме бара жатып сендерге соға кеткім келді.

Айтыңдаршы, сендер қандай ертегілер білесіңдер?

Тәрбиеші:

— Біздің балалар көп ертегілер біледі. Қане, мына ойынды ойнап көрсетейік. Бұл ойын «Кейіпкерін таны» деп аталады. (Экраннан ертегі иллюстрациялары көрсетіледі).

— Мына ертегі қалай аталады?

Қызыл телпек:

— Жарайсыңдар, шынымен көп біледі екенсіңдер. Мен сендерге бір қызықты кітап алып келдім. Бұл кітапта мен туралы ертегі бар. Қазір сол ертегіні тыңдап көріңдер. Өте қызық болады.

«Қызыл телпекті қыз» ертегісін экраннан слайд көрсете отырып әңгімелеу.

Үштілділік компоненті: Қызыл телпек, қасқыр сөздерін орысша, ағылшынша аудармаларын қайталату.

Ертегіні айтып болғаннан кейін балаларға ертегі мазмұны бойынша сұрақтар қою.

— Ертегі кім туралы?

— Қызыл телпек қайда барды?

— Оған кім кездесті?

— Қызыл телпек пен әжесін кімдер құтқарды?

— Қызыл телпек, қазір сен орманнан өткенде қорықпайсың ба?

Қызыл телпек:

— Жоқ, ормандағы аңдармен дос болып кеттім. Олар өте көңілді, би билеп, ән айтқанды ұнатады.

— Олай болса, біз де сол аңдармен бірге билесек қайтеді?

«Көңілді жануарлар» әуені қойылады.

Қызыл телпек:

— Балалар, менің ормандағы достарыма көмек керек болып тұр. Көмектесесіңдер ме?

Ендеше, оларға баратын жолды өздерің мына пішіндерден құрастырып тауып көріңдер.

Балаларға үшбұрыш, шаршы, шеңбер үлестіріліп береді.

— Балалар қоянның үйі қандай пішінге ұқсайды?

— Қасқырдың үйі қандай пішін?

— Тиіннің үйі қандай пішін?

Олай болса, қолдарыңдағы пішіндерге қарап, қоянның үйіне үшбұрыштан, қасқырдың үйіне шаршыдан, тиіннің үйіне шеңберден жол құрастырыңдар, сол жолмен барамыз.

— Балалар бұл жерде аңдарға көмектесеміз. Қоянның үйінің қасында сәбіздер толып жиналыпты, сол сәбіздердің үлкенін қоянның үйінің артындағы жәшікке, кішкентай сәбіздерді үйдің алдындағы жәшікке жинаймыз. Қасқыр болса, жинаған алмаларын сұрыптап, қызыл алмаларды үлкен жәшікке, сары алмаларды кіші жәшікке әрқайсысын бір ұяшыққа салуды өтінеді. Ал тиін саңырауқұлақтарды кептіріп алмақшы, үлкен саңырауқұлақтарды жоғарыдағы жіпке, кіші саңырауқұлақтарды төмендегі жіпке іліп берейік.

Тапсырмаларды орындағаннан кейін сұрақтар қою:

— Қоянның неше құлағы бар?

— Қасқыр қандай жануар?

— Тиіннің жүні, құйрығы қандай болады?

— Жарайсыңдар, енді келген жолдарыңмен кері қайтып, орындарыңа келіңдер.

Балалар қызығушылық танытады.

Қызыл телпекті қарсы алуға келіседі.

Балалар Қызыл телпекпен амандасады.

Балалар Қызыл телпекке назарларын аударып, сұрақтарға жауап беруге ынталанады.

Ертегілердің атын атап береді.

Ертегі тыңдауға ынталарын білдіреді.

Балалар қызығушылықпен тыңдайды.

Сөздерді қайталап айтады.

— Қызыл телпек туралы?

— Әжесінің үйіне.

— Қасқыр.

— Отыншылар.

Балалар көңілденіп би билеуге келіседі.

Балалар бейнекөріністегідей қайталап билейді.

— Иә, көмектесеміз.

Балалар пішіндерді алады.

— Үшбұрышқа.

— Шаршы.

— Шеңбер.

Балалар тәрбиешінің түсіндіруі бойынша пішіндерден жол құрастырып, жолмен жүріп аңдардың үйіне барады.

Балалар берілген тапсырмаларды өз бетінше орындауға тырысады.

Қиналған балаға көмектесу.

— Екі құлағы бар.

— Жабайы жануар.

— Үлпілдек, жұмсақ болады.

Балалар өз жолдарымен орындарына келеді.

Рефлексивті коррекциялаушы — Қызыл телпек, біздің балалар тапсырманы қалай орындады?

Қызыл телпек:

— Өте жақсы, сендер ақылды, білімді балалар екенсіңдер.

— Ал, біздер сенің әжеңе сыйлық жасап береміз. Мына кілемшеге гүлдерді түймелеп қондырсақ, әдемі өрнектер пайда болады. Қане, жасап көрейік. Балаларға қиылған гүлдерді үлестіріп беру.

— Қызыл телпек, саған ұнады ма?

— Иә, өте әдемі екен. Әжем қатты қуанатын болды. Менің кететін уақытым болды. Сау болыңдар, балалар!

— Балалар, сендерге бүгінгі сабағымыз ұнады ма? Көңіл күйлерің қалай?

Қонақтарға рақмет айтып, қоштасады.

Балалар сыйлық жасауға келіседі.

Тәрбиешінің көрсетуі бойынша гүлдерді кілемшеге түймелеп тағады.

Балалар Қызыл телпекпен қоштасады.

Балалар сабақтың ұнағанын, көңілдері көтеріңкі екенін айтады.

Күтілетін нәтиже:

біледі: ертегі мазмұнын түсініп, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруді;

игереді: кеңістікте бағдарлап, тапсырмаларды орындау дағдыларын:

меңгереді: ойын барысында ұйымшылдықпен әрекет етуді.

Реклама

Добавить комментарий