Ашық сабақ: «Табиғат тамашасы»

Теміртау қаласы №5 «Сәуле» бөбекжайының

1 санатты тәрбиешісі

Каримбердиева Мария Сапаркуловна

«Табиғат тамашасы»

Мақсаты: Балаларды табиғатты аялауға баулу, экологиялық тәрбие беру

Міндеттері:

  1. Айналасындағы құбылыстарды ажырата білуге үйрету;
  2. Сөйлеу тілін, ойлау қиялын дамыту;

  3. Табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, сергіту, ойын, тәжірибе, түсіндіру.

Алдын-ала жүргізілетін жұмыс: табиғат, көктем туралы тақпақтар жаттату.

Көрнекілік құралдар: табиғаттың балаларға арналған даналық сабақтары атты презентациясы, түрлі-түсті пішіндер, сюжеттік сурет, сандық қақпа, су, топырақ, құм, құмшекер, ұя, ағаш.

Ұйымдастырылған оқу қызметі барысы:

Шаттық шеңбері:

Тәрбиеші: Балалар! Бүгінгі күн ерекше күн! Бізге қонақ келіп тұр. Олай болса қонақтармен сәлемдесейік.

Күннің көзі ашылсын,

Көкке шуақ шашылсын

Құтты қонақ келіпті

Төрімізге еніпті

Ал, қанекей бәріміз

Сәлем дейік үлкенге

Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Тәрбиеші: Жарайсыңдар!

Бүгін балалар ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіндегі тақырыбымыз «Табиғат тамашасы»

Табиғат-ана жер жүзіне жылуын, мейірімін сыйлап тұр емес пе? Сондықтан ешқашан жамандық жасама, жақсылық қана ойла. Барлығы саған жақсылық жасауға дос болуға ұмтылады.

Енді балалар мен сендерге жұмбақ жасырайын. Жұмбақ шешімін таба отырып, Алдарындағы берілген түрлі-түсті пішіндер арқылы сюжеттік сурет құрастырамыз. Егер тапсақ бізге берілген «сиқырлы қақпалар» ашылады.

Жұмбақ:

Таңмен көзін ашады,

Әлемге нұрын шашады «Күн»

Тауда өсер, таста өсер,

Көктем менен жазда өсер.

Қыста өшер. «Шөп»

Көктемнің суретін құрастырып, әңгіме құрайды.

Мінекей, балалар, «табиғат-ана» ризашылығын білдіріп, бізге қола қақпа да ашылды.

Қола қақпа ішінде бізге «ашық хат» берілген, ашып көрейік. Бізге сұрақ-жауап берілген. Жауап берсек «күміс қақпа» ашылады.

Тәрбиеші: Балалар бір жылда неше мезгіл бар?

Балалар: Төрт мезгіл. Қыс, көктем, жаз, күз. Балалар, осы төрт мезгілге байланысты суретке қарап отырып әңгіме құрастырайық.

Балалар төрт мезгілдің ерекшеліктерін атап өтті.

Дидактикалық ойын: «Суреттен жыл мезгілдерін құрастыру».

Ойын шарты:

Балаларға алдын-ала жыл мезгілдеріне байланысты суретті карточкалар таратылады. Балалар карточкаларды берілген төрт суреттегі жыл мезгілдеріне сәйкестендіріп топтастырады.

Мінекей, балалар, бізге «күміс қақпа» ашылуда!

-Балалар, қараңдаршы, «күміс қақпа» ішінде су бар екен. Енді суға тәжірибе жасап көрейік.

Бүгін судың қандай қасиеттері бар екенін білеміз. Алдарыңдағы суды ішіп көріңдер.

-Судың дәмі бар ма:

-Жоқ.

-Түсі бар ма?

-Мөлдір.

-Иісі бар ма?

-Жоқ.

Енді стакандағы суға қант түйіршігін салып араластырыңдар.

-Қант қандай күйге енеді:

-Қант суда ериді.

Келесі стаканға құм салып көрейік.

-Құм ериді ме?

-Құм стакан түбінде шөгіп қалады, ерімейді.

Мінекей, балалар, бұл көріп тұрғанымыздың бәрі – табиғат ерекшеліктері. Табиғат-ана біздің іздепаздығымызға қызығып, өз ризашылығын білдіріп, «алтын қақпаны» ашты. Балалар алтын қақпа ішінде «алтын сандық». «Алтын сандық» ашылу үшін жақсы игі іс жасауымыз керек. Сендер қандай жақсылық жасасақ екен деп ойлануларың үшін бойымызды сергітіп алайық. Оның үстіне тәжірибе жасап, шаршадыңдар.

Сергіту сәті:

Тербеледі ағаштар,

Алдымнан жел еседі.

Кіп-кішкентай ағаштар

Үлкен болып өседі.

Ғажайып сәт:

Бұтағы сынған ағаш келді.

-Менің бұтағымды бұзақы балалар сындырып кетті. Сендер маған көмектесесіңдер ме? Бұтағымды байлап беріңдерші. Құстың салған ұясын жерге құлатып кетті.

-Балалар, біз ағашқа көмектесейік. Оның жарасын таңып берейік. Ұяны орнына орналастырайық.

Айдос ұяны орнына қояды.

Ағаш: Рахмет сендерге балалар!

Дидактикалық ойын: Ауа райы қандай?

Ойын шарты: Балаларға алдын-ала ауа-райының белгілері таратылады. Тәрбиешінің ауа-райына қарай көрсеткен белгісіне қарай тез әрі жылдам қолдарындағы ауа-райының құбылыстарына байланысты карточкаларын көтереді. Кім дұрыс, әрі көп тапсы, сол бала марапатталады. Ауа-райы жайлы ұғымдарын ойын арқылы тұжырымдайды.

-Міне ғажап! Алтын сандық ашылды. Алтын сандық ішінде табиғаттың балаларға арналған даналық сабақтары бар екен.

Тәрбиеші: Табиғаттың балаларға арналған даналық сабақтарын түсіндіреді.

Қорытынды:

Қазір жылдың қай мезгілі?

Бізге бүгін кімдер келді:

Балалар, біз қандай тәжірибе жасадық?

Бүгінгі оқу қызметі ұнады ма?

Тәрбиеші балалармен диалог жүргізіп, олардың не біліп, не үйренгенін сұрады.

Қоштасу шеңбері:

Бәріміз дос бауырмыз,

Ажырамас іргеміз.

Қиындыққа мойымай

Сауболыңыз дейміз біз!

Күтілетін нәтиже:

Нені біледі: төрт мезгіл ерекшеліктерін.

Қандай түсініктерді игерді: ауа-райы жайлы ұғымдарды.

Меңгерген дағдылары мен іскерліктері: берілген тапсырманы соңына дейін тиянақты орындауды.

Реклама