Оқушыларға сапалы білім берудегі топтық,жұптық ж ұмыстың тиімділігі (Әдістемелік баяндама)

Утешева Мензипа Амировна,

бастауыш сынып мұғалімі,

С.Есетов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп

БҚО, Казталов ауданы, Талдықұдық ауылы

Қазіргі таңда сапалы білім беру мәселесі қоғамды толғандырып отыр.Өйткені қарыштап дамып келе жатқан технологиялық прогресс кезеңінде өскелең ұрпақтың білім деңгейі заманауи талапқа сай болуы қажет.

Сол себепті ұстаздар әр сабағын сапалы түрде ұйымдастырып,әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуі шарт.Мектепте алған білімін өмірде қолдана алатындай етіп сабақты құру мұғалімдерден көп шығармашылық ізденісті талап етеді. Ол үшін ең алдымен, әр ұстаз өз білімін жетілдіру және өз шәкірттерін тұлға ретінде тану керек. Ұлы Абайдың «Адамның қасиеті үш-ақ нәрсе:нұрлы ақыл,ыстық қайрат,жылы жүрек» демекші,шәкірттің алдына бару үшін жеткілікті білімің болу керек.Сол тәжірибені ұғындыру үшін тиімді тәсілдерді қолдана білу және ұстаз мамандығын таңдаған соң , этикалық әрі моралдық құндылықтарды ұстану қажет.Мұғалімнің бұл үш көмекшілері сапалы әрі табысты оқытуына жол ашады.

Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі мақсаты оқытудың нәтижеге бағдарлануы,оқушының жеке тұлғасына бағытталуы,ал оқыту әдістерін тұлға аралық қарым-қатынастарға бейімдеу болып отыр.Демек,оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай,өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы танымдық «жаңалық»ашуы,шығармашылық тапсырманы орындау кезінде әр түрлі өнімдер жасауы тиіс.Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп,өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасуы керек.

Оқытудың маңызды факторы оқушы тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Өзім сабақ беріп жүрген сыныпта топтық ,жұптық жұмыс түрлерін көп пайдаланамын. Мұндай тәсіл оқу үдерісінде оқушының өзі қатысуын талап етеді. Осылайша оқушы өзінің оқуы үшін жауапты болады.Оқушы мұндай жауапкершілікті көбіне сабақ беру барысында мұғалім қалыптастыратын ортада сезініп, қабылдайды.

Оқушылар жұпта немесе топтарда жұмыс істегенде, олар «мұғалім-оқушы» сұхбаты түрінде өзара іс-қимылға қарағанда,мейлінше «симметриялы» болып табылатын өзара іс-қимылға «оқушы-оқушы» қатынасына түсе отырып,негізделген дәлелдерді әзірлеуде және қадағаланатын оқиғаларды сипаттауда түрлі мүмкіндіктерге ие болады.

Топтық жұмыстардың пайдасы мен тиімділігі бойынша зерттеулер әртүрлі бағытта жүргізілуде. Психологтар тұлғаның жетілуі үшін топтық жұмыстар қолайлы жағдай туғызатынын ашып көрсетеді.Соның арқасында топта ынтымақтастық атмосферасының жақсаруы көрініс табатынын айтады. Педагогтер оқытуда топтық жұмыстардың атқаратын рөлін қарастырады. Олардың ойынша,топтық жұмыс оқыту процесін байыта түседі,оқу жұмыстарын қызықты және өзара оқыту арқылы,бір-бірінен оқуға ықпал етеді деген ой қалыптасқан.

Осы пікірлерді ойға түйе отырып,өз сабақтарымда топтық,жұптық жұмыс түрлерін үнемі жүзеге асырамын.Әсіресе топтық жұмыс оқушылардың өзара оқуына,пікір алмасуына жағдай тудырады.Топтық жұмысты ұйымдастырғанда кездесетін кедергілер де бар.

Осы бағытта кездесетін негізгі кедергілер:

Топ ішінде белсенділік танытпайтын оқушылардың пайда болуы;

Уақытты тиімсіз пайдалануы;

Топтар арасында өзара кикілжің туындауы;

Топтық жұмыстардағы шу;

Топ ішіндегі көшбасшылардың дәлелді сөйлей алмауы.

Осы мәселелердің барлығы топтық , жұптық жұмыс жасауда кедергілер келтіреді.Бұл кедергілерді жою мақсатында әртүрлі әдіс-тәсілдерді ұйымдастыруға болады.

Мысалы:бірінші мәселе бойынша,топ ішінде белсенділік танытпайтын оқушыларды ынталандыру үшін тапсырма бергеннен кейін топ ішінде аралап жүріп,аз қатысып отырған оқушыны таңдап,орындық арқасына стикер жапсырып кетуге болады. Тапсырма орындап болғаннан кейін көшбасшы тағайындауда,орындықтың артында стикермен белгіленген адам болады деп жариялаймын. Сонымен қоса, топ ішінде бейімделмей отырған оқушыларды іріктеп , олардың ортақ ерекшеліктерін ескеріп , мысалы , киім үлгісі , шаш ұзындығы,киімнің түсі немесе қаламның түсін бақылап, «Күннің көзі түсті …» әдісін ұйымдастыруға болады.Мысалы, «Күннің көзі көк көйлек кигендерге түсті», «Күннің көзі ұзын шаштыларға түсті» деп топ мүшелерін белсенді етуге болады.

Топтарды құруда түрлі әдістерді қолдануға болады. Суреттер,сандар,түстер арқылы,бойларымен тұрғызып,туған күндері бойынша, есімдерінің әріптері арқылы , мозайка т.б. тәсілдер қолданамын.

Әрине,топтық жұмыста шусыз жұмыс жүрмейді.Бірақ соның біршама алдын алу үшін ,топтық ереже қабылдаған жөн.Топтық ережені құрғанда оны сақтау үшін оқушылардың өздеріне құрғызып,біздің топ құжаты деп таныстырамын.Топ ережесінде уақытты тиімді пайдалану туралы пікірді де енгізуге болады.Негізгі осы ереже арқылы топтық жұмыста көптеген мәселені шешуге болады.Ең бастысы көшбасшыға топқа ереженің маңыздылығын,оның құндылығын дұрыстап жеткізу міндеттелуі тиіс.

Кез келген топтың барлық мүшелері білетін және түсінетін жалпы ережелерді басшылыққа алу қажет.Ол топтың әрбір мүшесінің одан не күтілетіндігін , жұмыс қалай бөлінетіндігін және қолдау көрсетілетіндігін,сондай-ақ нәтижелерге қалай қол жеткізетіндігін білулері үшін қажет.

Топтық жұмыста оқушыларға берілетін тапсырма бір сарынды емес,әртүрлі сипатта болуы керек.Талап бойынша топтық жұмыста жеке тапсырма,жұптық тапсырма,топтық тапсрымалар беріліп отырады.Топтық жұмыс жеке шешуге болатын тапсырмаларды емес, анағұрлым күрделі тапсырмаларды шешуді көздейді.

Әр сабақта ұйымдастырылған топтық жұмыста оқушылар;

*Өздігінен тапсырмаларды орындайды,топ мүшелерімен өз пікірін бөліседі,алмасады;

*Жоспарланған тапсырмалар туралы айта алады;

*Өз мүмкіндігін біледі;

*Өзінің оқуы үшін үлкен жауапкершілік алуға қабілетті болады,

*Назарын бақылай алады және алаңдамайды:

*Өз тәртібі мен өзгенің тәртібі туралы және оның салдары туралы айта алады;

*Нені қалай жасағаны туралы немесе нені үйренгені туралы айта алады;

*Өз сезімі мен өзгелердің сезімі туралы біледі,көмектеседі және тыныштандырады;

*Жаңа тапсырманы сеніммен қолға алады;

*Өзін оқушы ретінде жағымды жағынан көргісі келеді;

Топтық жұптық жұмыстың нәтижелері:

1.Топтық,жұптық жұмысты пайдалану сабақтың нақты мәнін терең ашуға көмектеседі.

2.Оқушылардың барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туады.

3.Олардың әрқайсысының деңгейін анықтай аласың.

4.Оқушылардың көбін бағалауға мүмкіндік аласың.

5.Оқушыларды ізденіске баулып,жұппен,топпен жұмыс істеуге үйретеді.

6.Оқушылардың қабілеттері , сөз саптау еркіндігі,ұйымшылдығы,шығармашылдық белсенділігі артады.

7.Жеке тұлғалық сипатын дамытуға,шығармашылығын шыңдауда,өзіне деген сенімін қалыптастырады.

Оқытудың осындай жаңа педагогикалық әдіс—тәсілдерді сабаққа енгізу бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек.Себебі,елімізге заман талабына сай , қалыптан тыс ойлай алатын , шұғыл шешімдер қабылдай білетін , белсенді , бәсекеге қабілетті ұрпақ қажет деген талапқа сай топтық , жұптық жұмыс өзінің тиімділігін т әжірибеде дәлелдеу үстінде.

Реклама

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.